ЖАҢАЛЫҚТАР
АҚШ Солтүстік Кореяға жаңа санкциялар салды

АҚШ қаржы министрлігі Солтүстік Кореяға қарсы жаңа экономикалық санкциялар салды.
Ақ үй баспасөз хатшысы Джош Эрнесттің 16 наурызда хабарлауынша, санкциялар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Пхеньянның таяуда зымыран сынағанын айыптайтын қарар қабылдағаннан кейін салынған.
Солтүстік Корея өткен айда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тыйым салатын қарарын елеместен, баллистикалық зымыранын сынаған. Пхеньян бұған қоса, қаңтар айында сутегі бомбасын сынағанын хабарлаған.
АҚШ пен өзге елдер бұған дейін Солтүстік Кореяны ядролық бағдарламасынан бас тартқызуға мәжбүрлеу үшін бірнеше санкция салғанымен, Пхеньян ядролық және зымыран сынақтарын тоқтатпай отыр.
Басқа да жаңалықтар
Шерзат Полаттың өлімі бойынша сот отырысы: сотталушы полиция бөлімінде азапталғанын айтты

Кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі кезінде сотталушылардың бірі Нұрбол Тоқтаубаев тергеу кезінде берген жауабынан бас тартты. Оның сөзінше, тергеу кезінде оны адвокатпен қамтамасыз етпеген және қысым жасап, ұрған.
“Қысым көрсетті. Полиция, жедел қызметкерлері ұрды, соқты. Ол бойынша бірнеше рет арыз жазған болатынмын.... Полиция бөліміне кіргеннен бастап жауап алуға дейін таяқ жедік....Қысқа нұсқа айтып өтейін: киноға түсіреміз деді. Алып шықты. Киноға түсірді. Біреудің үйіне кіргізді. Ол жерде біраз ұрып-соқты. Полиция басқармасы ішінде полиция қызметкерлері, жедел уәкіл қызметкерлері ұрды, өткен-кеткеннің бәрі ұрып, бізге “былай айтасың, былай айтасың” деп күш қолданды. Және Қаржаубайдың өзі де келіп, бәрімізді балағаттады. Қоқан-лоқы көрсетті. Ұрды. Оны растайтын куәгерлер отыр” деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Оның адвокаты соттан азаптау фактісі бойынша шешім шығаруды өтінді. Ал прокурор шешім бұған дейін қабылданғанын, ол келесі отырыста белгілі болатынын жеткізді. Осылайша судья адвокаттың өтінішін орындамады.
Бейсенбі күнгі сот процесі кезінде сотталушылар Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтың адвокаты істе оларды күдікті деп тану туралы қаулы жоғын айтып, бұл сотталушылардың құқығын бұзады деп мәлімдеді. Осылайша істі прокурорға қайтаруды сұрады.
Ал судья заң бұзылмағанын айтып, адвокаттың өтінішін кері қайтарды.
Бүгін сонымен бірге бұған дейін әлеуметтік желіде тарап кеткен төбелес туралы видео да көрсетілді.
Видеода Шерзатқа ұқсайтын баланың жерде отырғаны, жанында әйел отырғаны көрінеді. Бірнеше минуттан кейін оларға Нұрғанат Ғайыпбаев жақындайды. Видеода “жедел жәрдем шақырыңдар” деген айқай қатты естіледі. Бұдан кейін жаөспірім отырған жаққа бірнеше адамның жақындағаны көрінеді.
Прокурор Ержан Құрақбаевтың айтуынша, Шерзатты бірінші болып Белғожаев тебеді.
“Осы сәтте сол жағында анасы Бишімбиева отырады, оның ар жағында Белғожаев, Шынасыл мен Ілиясов Ғайыпбаевты, кейін Сакиев сүйреп сол жағына әкетеді. Сол жері құжаттармен анықталды. Шынасыл мен Сакиев оған пышақ жарақаттарын келтіреді” деді прокурор.
15 мамырда сотталушылардың бірі Дархан Әскентаевтан жауап алынып болды. Оған "Бұзақылық" бабы бойынша айып тағылған. Тергеу дерегінше, ол адам өлімі болған күні Талғардағы "Қамажай" дүкеніне сыра алу үшін барып, сол жаққа өзге адамдарды шақырған.
Дархан Әскентаев сотта төбелеске қатыспағанын, адамдарды ажыратуға тырысқанын айтты. Оның сөзінше, ол Нұрғанат Ғайыпбаевты (Шерзат Полаттың әкесінің бауыры) ұрған Нұрбол Тоқтаубаев пен Абзал Шынасылды тоқтатуға тырысқанда өзіне де Шынасылдың жұдырығы тиген.
Істе 9 айыпталушы бар. Қылмыстық іс бас-аяғы 62 томнан тұрады.
- 2024 жылғы 4 қазанда Шерзат Полаттың отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкенге тауар сатып алуға келген адаммен арадағы даудың аяғы жанжалға ұласқан; әлгі адам көмекке достарын шақырып, төбелес барысында суық қару қолданылған. Оқиға салдарынан пышақтан өлімші болып жараланған жасөспірім сол жерде қаза болды. Кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
- Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысы бар" деген күдікке ілінген сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынған еді.
- Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
- Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.
- Былтыр 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция "марқұм өзіне қол салған" деген алдын ала болжам барын хабарлады. Марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін Шерзат Полаттың жақындары әкімшілік жауапқа тартылды. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.
Шығыс Қазақстан облысында су құбырын жөндеу жұмыстары кезінде екі жұмысшы қаза болды

Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданында су құбыры жарылған жерде апатты қалпына келтіру жұмысы кезінде топырақ опырылып құлап, екі жұмысшы қаза болды. Бұл жөнінде облыстың әкімі Нұрымбет Сақтағанов хабарлады. Ол қаза бола болған екі жұмысшының отбасына көңіл айтып, моральдық-материалдық көмек көрсетуге уәде берді.
Оқиғаның салдарынан 1970 жылы туған Сергей Кастерин және 1983 жылы туған Ержан Айтпаев қаза болған.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, еңбек инспекциясы оқиғаның себептерін анықтау үшін он күндік зерттеу бастаған. Нәтижесінде материалдар құқық қорғау органдарына берілетіні айтылды.
Қазақстанда өндіріс, еңбек қауіпсіздігі мәселесі өткір болып тұр. Бұл әсіресе, жерасты шахталары мен кеніш орындарына қатысты.
Былтыр күзде KAZ Minerals тобына қарасты Орлов жерасты кенішінде тау кен массасы опырылып, бір жұмысшы қаза болған. Оның алдында бірнеше күн бұрын Жамбыл облысының тау-кен байыту кешенінде алтын өндіретін "Алтыналмас АК" компаниясында тау-кен массасы опырылып түсіп, бір жұмысшы опат болған.
Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың басынан бері өндіріс орындарында 293 жұмысшы зардап шеккен, 40-ы қаза болған.
Жыланбаевтың әйелі белсендінің жеке заттары тәркіленгенін айтты. ҚАЖД жоққа шығарды

«Алға, Қазақстан» тіркелмеген оппозициялық партиясының лидері, марафоншы Марат Жыланбаевтың «төсек жаймаларын, дәрі-дәрмегі мен басқа да жеке заттарын түрме басшылығы алып кетті» деп хабарлады Азаттыққа оның әйелі. Ал қылмыстық атқару жүйесі департаменті мұны жоққа шығарды.
14 мамырда Марат Жыланбаев отбасына қоңырау шалып, түрме қызметкерінің төсек жаймасы мен беті-қол сүртетін орамалын алып кеткенін хабарлаған.
- Марат әдетте сәрсенбі сайын қоңырау шалып, қал-жағдайын айтатын еді. Бүгін ол ерекше қобалжып, қоңырау шалды. Оның төсек жаймасын, беті-қол сүртетін орамалын алып кеткен. Сағатын, дәрі-дәрмегін, күнтізбесін де алып кеткен. Және мұның себебін түсіндірмеген. Ол қауіпсіз орын ретінде әлі тәртіптік изоляторда жатыр. Марат мұның бәрін әдейі жасалып отырған моральдық қысым деп санап отыр, - деді әйелі телефон арқылы.
Марат Жыланбаев сәуірде бастаған аштық акциясын 4 мамырда - 40 күн толғанда тоқтатқан. Жұбайы оның ағзасы әлсіреп, диарея басталғанын, дәрігер "Линекс", "Фистал" дәрілерін бергенін айтты. Оның сөзінше, Марат қаншама протест жасаса да әлі күнге дейін не сурет салуға, не жүгіруге рұқсат берілмей отыр.
– Ол әлі күнге дейін хат-хабар жолдай алмайды және екі айдан бері оған келген газет-журналдар да берілмейді. Ол құқық қорғаушыларға енді оған газеттер жібермей-ақ қоюды айтуды өтінді. Ол жаймаларын алып кеткен соң еденге жатып ұйықтауға мәжбүр. Маған «келесі сәрсенбіде менен хабар болмаса өзіне бірдеңе болғаны деп түсініңдер» деді. Мен не істерімді білмей отырмын, - деді әйелі.
Азаттық Степногорскідегі №4 мекеменің бастығы Қанат Тұлақовқа бірнеше рет қоңырау шалғанымен ешкім тұтқаны алмады. Азаттық Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне саяси тұтқын Марат Жыланбаевтың ахуалына қатысты ресми сауал жолдады. Жаңалық жазылып жатқан сәтте жауап келмеді.
15 мамырда күндіз қылмыстық атқару жүйесі департаменті Азаттыққа ақпаратты жоққа шығарды.
"Ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Оның заттарын тартып алған жоқ" деп жазылған жауапта.
2023 жылы қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды деумен келеді.
Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға шақырып келеді. International Partnership for Human Rights ұйымы жақында Жыланбаевқа бұлдыр әрі нақты емес тұжырымдармен тағылған айыптар оның бейбіт оппозициялық қызметі үшін кек алу мақсатында қозғалған деп мәлімдеді.
Адвокат қарақалпақ белсендісі Дәулетмұрат Тәжімұратов түрмеде ауыр соққыға жығылғанын хабарлады

Қарақалпақ белсендісі, журналист Дәулетмұрат Тәжімұратовтың адвокаты Сергей Майоров белсендінің түрмеде ауыр соққыға жығылғанын хабарлады.
14 мамырда адам құқығы жөніндегі Түркімен Хельсинки қоры Майоровтың мәлімдемесін жариялады. Адвокаттың сөзінше, Тәжімұратовты түрмеде сапқа тұрғызған кезде Өзбекстан әнұранын айтудан бас тартқаны үшін ұрып-соққан.
Майоровтың сөзінше, оқиға 29 сәуірде болған. Ол мұны үш күн бұрын белсендінің бауыры Ринат Тәжімұратовпен сөйлескен кезде естіген. Науаи облысындағы түрмеде қамауда отырған Дәулетмұрат Тәжімұратовқа тұтқындар тап берген. Адвокат олар түрме әкімшілігінің бұйрығымен әрекет еткен болуы мүмкін деп болжайды. Майоровтың сөзінше, Тәжімұратов әнұран айтпағаны үшін бірнеше рет соққыға жығылған. Соңғы рет оны есінен танғанша ұрып, одан кейін түрменің медициналық бөліміне жіберген.
Тәжімұратов адам құқығы жөніндегі уәкіл Феруза Эшматова кіргеннен кейін бес күннен кейін соққыға жығылған.
"Омбудсмен аппаратының қызметкерлері тұтқындардың құқығына қатысты ірі заңбұзушылық таппағандарын айтты. Эшматованың өзі Тәжімұратовпен кездесуден бас тартты, ал оның адвокатының түрмедегі қысымға қатысты талай шағымы дұрыс қаралған жоқ" деді Түркімен Хельсинки қоры өкілдері.
Өзбекстанның құзырлы органдары әзірге адвокаттың мәлімдемесіне жауап бермеді.
Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптарды Өзбекстан Конституциясында сақтап қалуды талап еткен наразылыққа байланысты ұзақ жылға сотталған қарақалпақ белсендісі, журналист Дәулетмұрат Тәжімұратовтың түрмеде қысымға ұшырағанын адвокат наурыз айында да мәлімдеген.
Былтыр белсендінің туыстары Науаи қаласындағы қатаң режимдегі колонияда отырған Тәжімұратовтың денсаулығы қатты нашарлағанын айтқан еді.
2022 жылы Өзбекстан билігі референдумға шығаруға ұсынған Конституцияның жаңа жобасында Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстаннан бөлініп шығу құқығы туралы баптардың болмауы Қарақалпақстанда елдің наразылығын туғызды. Мұның соңы қақтығысқа ұласып, ресми дерек бойынша 21 адам өліп, 200-ден астам адам жараланған. Көтеріліс Қарақалпақ астанасы - Нөкісте басталғандықтан, ол "Нөкіс оқиғасы" аталып кетті.
Кейін жыл соңында наразылыққа қатысты ондаған адамға үкім оқылған. "Ел қызметінде" ("Эл хызметинде") газетінің адвокаты әрі журналист Дәулетмұрат Тәжімұратов "Өзбекстанның конституциялық құрылымын бұзуға тырысты", "билікті басып алу мақсатында сөз байласты", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, 16 жылға сотталды. Қорғау жағы үкімді апелляцияға бергенмен өзгермеген. Тәжімұратов қазір Науаи облысындағы №11 колонияда қамауда отыр.
Бұған дейін Тәжімұратовтың ісін қараған БҰҰ жұмыс тобы белсенді заңсыз ұсталған деген қорытындыға келіп, оны босатуды талап еткен. Оның құқығын бұзғандарды да жауапқа тартуға шақырған.
Қазақстанда дипфейктер үшін айыппұл салынуы мүмкін

Мәжіліс депутаттары жасанды интеллектінің жұмысын реттеу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат дипфейктер үшін айыппұл салуды қарастырады.
Жоба жасанды интеллектіден туындайтын қатер деңгейіне қарай оны классификациялауды ұсынады, оны жасаушыларға платформа құрады және оның деректері мен зияткерлерлік меншікті пайдалану мәселесін реттейді.
Нақты уақытта адамның бет-жүзін тану, келісімсіз манипуляция мен адамдардың осалдығын пайдалануға тыйым салынбақ. Бұған қоса, жүйелер ассистенттерді жартылай автономды және толық автономды (тыйым салынған) түрлерге бөліп ажыратады. Жаңа заңға сәйкес, AI келтірген зиян үшін оның иелері жауапты болмақ.
Заң жобасын таныстырған депутат Екатерина Смышляева платформадағы деректер анонимді болатынын, оған қолжетімділік шектелетінін, ал платформаның өзі маңызды ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылым нысаны ретінде қорғалатынын айтты.
Депутат қарапайым мамандықтарға тәуекел барын мойындап, бірақ кадрларды қайта дайындау маңыздылығын да атап өтті.
Оның сөзінше, жасанды интеллектіге жәй тыйым салуға болмайды және оқу-ағарту министрлігі оны мектепте қолдану бойынша этика кодексін дайындайды. Оның сөзінше, заң жобасының маңызды бөлігі – жасанды интеллект ұлттық платформасын құру. Бұл – жасанды интелект өнімдерін жасау мен пайдалануға арналған бірыңғай инфрақұрылым.
Мәжілістің спикері Ерлан Қошанов екінші оқылымға дейін пленарлық отырыста көтерілген барлық мәселені мұқият зерттеп, жасанды интеллектінің дамуы мен қауіпсіздік арасында ақылға қонымды баланс табуға шақырды.
Стамбұлдағы келіссөзге Путиннің көмекшісі Мединский бастаған ресейлік делегация қатысады

15 мамырда Стамбұлдағы келіссөзге Владимир Путиннің көмекшісі Владимир Мединский бастаған ресейлік делегация қатысады. Ол 2022 жылы да келіссөз тобына жетекшілік еткен.
Кремльдің хабарламасына қарағанда, ресейлік делегацияның құрамына Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин, Ресей қарулы күштері бас штабы басқармасының жетекшісі Игорь Костюков, қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин кірген.
Бұған дейін Украина басшысы Владимир Зеленский келіссөзге Владимир Путиннің келуін талап еткен еді. Ол егер Путин келмесе, келіссөз мүлде болмайтынын айтқан. Бірақ кейін позициясын жұмсартты.
Зеленский сәрсенбі кешкілік мәлімдемесінде Стамбұлдағы келіссөзге Ресей жағынан кім қатысатынын білгеннен кейін украиналық делегацияның құрамын айтатынын жеткізген.
- Стамбұлға бейсенбі күні келуі тиіс болған АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Түркияға жұма күні баратыны белгілі болды.
ЕО елдерінің елшілері Ресейге қарсы 17-санкция пакетін мақұлдады

Еуроодақ елдері Ресейге қарсы 17-санкция пакетін мақұлдады. Бұл жөнінде Азат Еуропа/Азаттықтың тілшісі Рикард Йозвяк хабарлады. Санкцияны түпкілікті түрде 20 мамырда ЕО сыртқы істер министрлері қабылдайды.
Санкция тізімі әзірге жарияланбады. Халықаралық БАҚ-тың жазуынша, оған ондаған компания мен жеке тұлға кіреді. Мәселе секторлық санкцияны күшейту жөнінде болып отырған жоқ.
Еурокомиссиясының жетекшісі Урсула Фон дер Ляйен X желісінде шектеулер Ресейдің “көлеңкелі флотының” 189 танкеріне де қатысты екенін жазды. Бұған дейін БАҚ олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев атындағы ресейлік танкер барын да жазған еді.
Ресей билігі 2020 жылы Қазақстанның бұрынғы президенті 80 жасқа толуына орай “екіжақты қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін” танкерлердің біріне оның атын берген.
Бұған дейін ЕО-ның жетекші елдері егер Ресей Украинада атысты 30 күнге тоқтатуға келіспесе, Мәскеуге санкцияны күшейтетінін айтқан. Бұл жөнінде Германия канцлері мен Франция президенті де айтқан. Олар қатаң экономикалық шара қарастырылмаған 17-санкция пакетін айтып отырған болуы мүмкін. Дегенмен ЕО елдері 15 мамырда Стамбұлда өтетін Ресей-Украина келіссөзінен нәтиже күтіп отыр деп жазды Азаттықтың Орыс қызметі.
Қаңтар оқиғасы кезінде жақындарынан айырылған бірнеше адам бас прокуратураға барды

Қаңтар оқиғасы кезінде жақындарынан айырылған бірнеше адам 14 мамырда бас прокуратура алдына жиналып, үкіметтен баспана мәселелерін шешіп беруді сұрады. Кәмелет жасына толмаған балаларын қарап, жұмысқа шыға алмағанын айтқан әйелдердің бірі асыраушысынан айырылған отбасына берілетін жәрдемақыдан өзге табыс көзі болмағандықтан күн көрісі ауырлағанын айтады.
- Бейбіт адамдар зардап шекті. Зардап шегіп қана қоймай, бізді көптің көзінше "террорист" деп атап, қорлады. Біз қалайша террорист боламыз? Қазір менің балаларым, немерелерім әкесіз, атасыз қалды. Ол нәпақа тауып, үйге әкелуші еді, қазір ол да жоқ, - деді марқұм Марат Мусабековтың әйелі Айнаш Смағұлова.
Қаңтарда оққа ұшқан Тілеужан Баталовтың әйелі Айнұр Дөненбекова биліктің құрғақ уәдесінен шаршағанын айтты.
- Менің үйім жоқ. Менің екі балам бар, ұлым бар, қызым бар, кәмелетке толмаған. Өзім жұмыс жасаймын, 160 мың теңге айлық аламын. Сонымен, айлықпен осы жаққа алтыншы рет келіп отырмын. Келген сайын алдап шығарып салады, «болды, шуламаңыздар, қайтыңыздар» дейді. Соңғы келгенде осы жерде бір азамат «сіздің мәселеңіз шешіліп жатыр, 15 күннің ішінде сізге хабарласады, үйіңізді аласыз» деген еді. 15 күн емес бір жарым ай өтті, ешқандай хабар болған жоқ. Сол мәселемен тағы келіп отырмын, - деді марқұм Тілеужан Баталовтың әйелі Айнұр Дөненбекова
Қаңтарда қаза болған Әкімжан Бектұрғанның әйелі Шапағат Қадырова да тұрмыс тауқыметін айтып, бір үйде 14 адам тұрғандықтан балаларынан жырақ өмір сүріп жатқанын жеткізді.
- Мен осы уақытқа дейін әке-шешеммен тұрып келдім. Ол кісілерге де рахмет, көмектесті. Бірақ бір үйде 14 адам тұрғандықтан мүмкін болмай кетті. Амал жоқ балаларды ата-енеме беріп жібердім. Түлкібаста тұрып жатыр, өзім қаладамын. Енді асырау керек, жұмыс істеу керек, кредиттеріміз бар. Сол қазір осылай өмір сүріп жатырмын, - деді ол.
Бас прокуратура алдына жиналғандар ақпарат құралдарымен тілдескеннен кейін кезекші прокурорға жолығамыз деп ішке кіріп кетті.
Азаттық бұл азаматтардың мәселелеріне қатысты бас прокуратураға ресми сауал жіберді. Бірақ әзірге жауап түскен жоқ.
Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде кездейсоқ қаза болғандардың отбасына 7 млн теңге берілгені хабарланған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "елге мыңдаған террорист шабуыл жасады" деп мәлімдеп, күш құрылымдарына ескертусіз оқ атуға бұйрық берген 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза тапқан. Оның жартысынан көбі Алматыда мерт болды. Билік елге сырттан әлдебір террор тобы шабуылдағанына ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.
Қаңтарда адамдарға оқ атқандардың дені анықталған жоқ, кісі өлімі фактісі бойынша қозғалған істердің көбі жабылып қалды. Кейін бірнеше әскери қызметші "адам өлтіру" айыбымен емес, "қызметін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тартылды.
"Бюджетті жымқырды" деп айыпталған "Астана LRT" компаниясының бұрынғы жетекшісі Түркияда ұсталды

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркияның құқық қорғау органдары "Астана LRT" компаниясының бұрынғы жетекшісі Талғат Арданды ұстағанын хабарлады. Ол Қазақстанға экстрадицияланады.
ҰҚК-ның мәліметінше, Қазакқстан бас прокуратурасы 2019 жылы Түркия әділет министрлігіне халықаралық іздеу жарияланған Талғат Арданды беру жөнінде сұрау жіберген. Соған орай Түркияның күштік құрылымы іздеу шараларын жүргізген.
"ҰҚК биыл оның нақты қайда жүргенін анықтады, бұдан кейін Түркияның құқық қорғау органдары оны Анталияда ұстады. 9 мамырда Анталия соты Талғат Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім шығарды. Қазіргі кезде ол қамауда" деп жазылған ҰҚК хабарламасында.
Ведомствоның айтуынша, Қазақстанның мемлекеттік органдарды Арданды елге қайтару процедурасын бастаған.
2023 жылы мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды" деп айыпталған Талғат Арданды жеті жылға бас бостандығынан айырған еді. 2024 жылы қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тағы бір үкім шығарды. Бұл жолы оған "билік өкілетін асыра пайдаланды" деген айып тағылды. Бұл іс те сырттай қаралды. Сот Талғат Арданды 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. 2023 жылдың мамыр айындағы үкімдегі жазамен біріктіріліп, нәтижесінде Талғат Ардан 9 жыл түрмеге кесілді. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды.
Бұған қоса, сот айыпталушыны City transportation systems компаниясының пайдасына қарай 85 млрд теңгеден астам қаражатты өндіру туралы қаулы шығарды.
Ардан мен оның өкілдерінің сот үкіміне реакциясы белгісіз.
2021 жылы қарашада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Астана LRT" компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ардан Стамбұлда екенін, оны ұстау шаралары жүріп жатқанын мәлімдеген. Бұл іс бойынша тағы бір айыпталушы Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков АҚШ-та екенін, АҚШ-пен экстрадиция бойынша екіжақты келісім жоқ болғандықтан оны елге қайтару мүмкін еместігін айтқан. Сот Ардан мен Сұлтанбековті сырттай қамауға санкция берген.
Қазақстандағы алғашқы жеңіл рельсті транспорт жүйесі астананың сол жағалауынан әуежай және темір жол вокзалына дейін жолаушылар тасымалдауы тиіс болған. Құрылыс ресми түрде 2017 жылы мамыр айында басталған. Астанада жұрт жақсы білетін "мұнаралар" сол кезде пайда болған. Жобаға салынған ақшаны алған "Астана банкі" 2018 жылы лицензиясынан айырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы күзде жобаны ашық сынап, "даулы жоба" деп атаған.
Дегенмен астана билігі қоғам сынына қарамастан кейінірек LRT құрылысын жалғастыра беретінін хабарлаған.
2021 жылы маусымда City Transportation Systems (бұрынғы «Астана LRT») компаниясының жобаны жалғастыру үшін үкімет кепілдігімен 1,08 млрд доллар көлемінде несие алуды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Астана билігінің айтуынша, несие республикалық бюджеттен, яғни салық төлеушілердің есебінен қайтарылмақ.
2025 жылы мамырда City transportation system үстіңгі құрылыс жұмыстарының 25 пайызы аяқталғанын хабарлады. Жоспарланған 22,4 шақырым қос желінің 5,6 шақырымы аяқталған.
Алматыда Шешенстан билігін сынаған ресейліктің ұсталғаны хабарланды

Алматыда шешен азаматы Мансур Мовлаев ұсталғаны хабарланды. Бұл ақпаратты Азаттыққа өзін оның танысы ретінде атаған қала тұрғыны хабарлады.
"Кеше (13 мамыр - ред.) кешке ол бізге хабарлама жіберді. "Мені ұстады. Бауырлар, көмектесіңдер" деген. Қайта хабарласқан кезде телефоны өшірулі тұрды. Алматы полициясындағы дереккөз бізге оған Ресейде іздеу жарияланғанын айтты. Ол білуімше, кейінгі 1,5 жылда Алматыда тұрған. Біз оның белсенді екенін, Шешенстан билігін сынағанын да ұсталғаннан кейін ғана білдік. Онымен талай дастархандас болғанбыз. Оны егер Шешенстанға қайта жіберсе, оны өлім күтіп тұрғаны анық. Сондықтан бұл мәселеге құқық қорғаушылардың назарын аудартқымыз келеді" деді аты-жөнін атағысы келмеген тұрғын.
Азаттық Мовлаевтың ұсталғаны жөнінде басқа дереккөз таба алмады. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі әзірге Азаттық сауалына жауап бермеді.
"Кавказ.Реалии" сайтының жазуынша, тхэквандо бойынша спорт шебері Мансур Мовлаев Шешенстан республикасын электрмен қамтамасыз етумен айналысатын "Шешенэнерго" компаниясында 2018 жылы инженер болып істеген. Кей ақпарат құралдары мен шешен оппозиционерлерінің жазуынша, 2020 жылы Мовлаев "республика билігін сынағаны үшін" үш жыл түрмеге кесілген. Алайда нақты қандай баппен сотталғаны белгісіз. Редакция журналистері соттың сайтынан тиісті сот шешімін таба алмаған.
2022 жылы шартты түрде босап шыққан Мовлаевты сол жылы тамызда шешен полициясы қайта ұстап, құпия түрмелердің біріне қамаған деп айтылады. Белсенді ол жақтан қашып кетіп, Қырғызстанға жеткен. Ресейде экстремизм бабы бойынша оған іздеу жарияланған деп айтылады. Ол былтыр Ресейге экстрадициялау қаупі төнгенін айтып, Қырғызстаннан кеткен.
Таразда мәслихат депутатының соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиевтің соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сүйенген ҚазТАГ агенттігі хабарлады.
Ресми хабарламаға сүйенсек, "Бұзақылық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Оқиғаға қатысы бар адам анықталып, полицияға жеткізілген. Жәбірленушіге медициналық көмек берілген. Ол ауруханаға жатудан бас тартқан.
Бұған дейін әлеуметтік желіде аудандық мәслихат депутатын ұрып кеткені жөнінде ақпарат тараған еді. Ақпаратқа қарағанда, оқиға 13 мамыр кешке Тараз қаласында облыстық полиция департаменті маңындағы дәмханада болған. Ол жаққа депутат жұмыс сапарымен барған.
Оқиғаға не себеп болғаны белгісіз. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына сүйенген "За нами выехали" арнасының жазуынша, Байғазиевтің сол жақ сүйегі сынаған. Дәрігерлер оның денсаулығына қауіп барын ескертсе де, ол ауруханаға жатпаған.
Сәуірдің аяғында Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әлдебіреудің оқ атып, жараланған шенеунік қалалық ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалған еді. Жергілікті басылымдар осыған дейін шенеунікке жасалған қарулы шабуылға күдікті ретінде ұсталған адам әкімдікке қарасты мекемеде жұмыс істегенін жазған еді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Трамп Стамбұлдағы Украина бойынша келіссөзге Рубио қатысатынын айтты

Түркияда өтетін Украина мен Ресей бойынша келіссөз “айтарлықтай жақсы нәтиже беруі мүмкін” деп мәлімдеді Сауд Арабиясында жүрген АҚШ президенті Дональд Трамп.
Трамптың сөзінше, 15 мамырда өтетін Украина-Ресей келіссөзіне АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио барады.
Бұған дейін Америка ақпарат құралдары Стамбұлға Трамптың арнайы уәкілі Кит Келлог пен Таяу Шығыс бойынша арнайы уәкілі Стив Уиткофф қатысатынын жазған еді. Ақпаратқа қарағанда, америкалықтар келіссөз процесіне қатыспайды, тек оның барысын бақыламақ.
Эр-Риядта сөйлеген сөзінде Дональд Трамп “қантөгісті аяқтау үшін бар күш салатынын” айтты. “Оған қол жеткізе аламыз ба, көрейік” деді Америка басшысы.
15 мамырда Стамбұлда келіссөз өткізуді Ресей басшысы Владимир Путин ұсынған. Алайда оның қандай форматта өтетіні белгісіз. Украина басшысы Владимир Зеленский Стамбұлда Путинмен тіке сөйлесуге дайын екенін мәлімдеген. Бірақ дәрежесі одан төмен ресейлік ресми тұлғалармен сөйлеспейтінін ескерткен.
Ресей жағы Стамбұл делегацияға жіберетінін айтқанмен Путиннің қатысатынын-қатыспайтынын нақтылаған жоқ.
АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Ресей мен Украинаны тіке келіссөзге шақырып, өзінің Стамбұлға баруы мүмкін екендігін де жоққа шығармаған еді.
Грузия премьері Кобахидзе Трамп пен Вэнске ашық хат жазды

Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидзе АҚШ президенті Дональд Трамп пен вице-президенті Джей Ди Вэнске ашық хат жолдады. Хат мәтінін ол өзінің Facebook парақшасында жариялады деп хабарлады Азаттықтың Грузин қызметі.
Кобахидзе осыдан бірнеше апта бұрын Ақ үйге АҚШ-тың жаңа әкімшілігімен қарым-қатынасты "жаңа парақтан" бастағысы келетіні туралы жазған хатына жауап алмағанын айтқан. Бұған таңданыс білдірген ол Трамп әкімшілігі мен "Грузин арманы" үкіметі арасында "ортақ құндылықтар" бар деп, ондайлардың қатарында Украинадағы соғысқа және "ЛГБТ насихаты" дегенге қатысты ұстанымдары ұқсас екенін атап жазған.
Кобахидзе АҚШ-тың бұрынғы әкімшіліктері мен "тұңғиық мемлекет" деп аталып жүргенді "Грузин арманы" партиясының саяси бәсекелестеріне жәрдемдесіп, "революциялар ұйымдастырды" деп айыптаған. Осыған байланысты ол Джо Байден әкімшілігі грузин саясаткерлері мен шенеуніктеріне қарсы енгізген санкцияларды Трамп әкімшілігінің әлі күнге дейін алып тастамағанына таң қалып отырғанын айтқан. Ол бұл санкциялар Грузия билігі [АҚШ-тың] USAGM агенттігі қаржысына ұйымдастырылған делінген революция жасау талпынысының алдын алғандықтан салынған деген пікірде. Бұған қоса Кобахидзе қазіргі кезде АҚШ Конгресі талқылап жатқан Грузияға қатысты санкцияларды күшейту туралы заң жобасын орынсыз деп атады. Бұл заң жобасын АҚШ-та демократтар мен республикашылдардың көпшілігі қолдап отыр.
АҚШ әкімшілігі өкілдері Грузия премьерінің хатына әзірге жауап берген жоқ.
Кобахидзе хатында сынға алған санкцияларда АҚШ былтыр Грузияда парламент сайлауынан кейін басталған наразылықтарды қатаң түрде басып-жаншығаны үшін Грузия билігіне қарсы енгізген.
Сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, биліктегі "Грузин арманы" партиясы тағы да жеңіске жеткен. Оппозиция сайлау қорытындысы бұрмаланған деп есептейді.
АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі сонымен қатар Грузия билігін демократиялық қағидалардан алыстап жатыр деп айыптап, бұл елмен стратегиялық серіктестігін тоқтататынын мәлімдеген. Қазіргі кезде Трамп әкімшілігі Тбилисиге қатысты ешқандай жаңа шешім қабылдаған жоқ.
Песков: Ресей Стамбұлға кім баратынын Путиннің ұйғарымынан соң жариялайды

Ресей 15 мамырда Стамбұлда өткелі отырған Украинамен келіссөзге дайындықты жалғастырып жатыр, ал Кремль әзірге бұдан өзге ештеңе айта алмайды. Сейсенбі күні Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков осылай деп мәлімдеді.
Ресейден Стамбұлдағы келіссөзге кім қатысатыны туралы қойылған сұраққа Песков Кремль ресейлік делегация құрамын президент Путин қажет деп тапқан кезде жариялайтынын айтты.
Бұған дейін бірқатар Telegram-арналар, соның ішінде ЕЖ арнасы, ресейлік делегация құрамында Сергей Лавров пен Юрий Ушаков болады деп хабарлаған еді, алайда мұндай ақпаратты қайдан алғанын көрсетпеген.
Кремль сейсенбі күні президент Путин 14 мамырда Мәскеуде Малайзия премьер-министрін қабылдайтынын хабарлады.
Киев Мәскеуге атысты ешқандай алғышартсыз 30 күнге толық тоқтатуды ұсынып, оған Еуроодақ пен АҚШ қолдау танытқаннан кейін Путин жауап ретінде Стамбұлда 15 мамырда келіссөз өткізуді ұсынған. Мәскеу атысты 30 күнге тоқтату жөнінде ештеңе демеді. Украина президенті Владимир Зеленский Кремльдің ұсынысына жауап ретінде Түркияға тек Путинмен бетпе-бет кездесуге ғана баруға дайын екенін мәлімдеді. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украинаны тікелей келіссөзге шақырып, өзі де Стамбұлға ұшып келуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Қазір Трамп Таяу Шығыста сапармен жүр.
Bloomberg агенттігі сейсенбі күні дереккөздерге сүйеніп, Еуропа одағы елдері Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуды Стамбұлдағы келіссөздің мән-жайы анық болғанға дейін кейінге қалдыра тұруға келіскенін жазды.
Әзірге Стамбұлда келіссөз нақты өтетіні де, Ресей мен Украина делегацияларының құрамы да ресми түрде расталған жоқ. Дегенмен, тараптардың кейінгі мәлімдемелері және Ресей мен Украинаның Түркия өкілдерімен өтуі ықтимал кездесуге белсенді дайындалып жатқанына қарап, қандай форматта екені әзірге белгісіз Стамбұлдағы кездесу өтуі мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды деп жазады ақпарат агенттігі.
Ресейде Путиннің бұрынғы жақын серігі Сергей Пугачевті сырттай 14 жылға соттады

13 мамыр күні Мәскеудің Тверь аудандық соты қазір Францияда тұрып жатқан, Ресейде банкрот болған Межпромбанктің бұрынғы бенефициары Сергей Пугачевті ірі көлемдегі ұрлық жасау және өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша айыпты деп, сырттай 14 жылға бас еркіндігінен айырды.
1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында Ресей президенті Владимир Путинге "етене жақындар" қатарында болған Пугачевке сот бүгін 800 мың рубль айыппұл салды. Оның мүлкі бұғатталған.
Айыптаушы тарап соттан Пугачевке 14,5 жыл түрме жазасын сұраған еді.
Ресей федерация кеңесінің Тувадан сайланған мүшесі өкілеті тоқтағаннан кейін, 2011 жылы Ресейден кеткен Сергей Пугачевке 2013 жылдың аяғында сырттай айып тағылған. Оған қарсы іс Межпромбанктың 2010 жылы банкрот болуымен байланысты қозғалған. Тергеу Пугачев банкті әдейі банкрот жасап, оның қаражатын иемденіп алған деп есептейді. Оған дейін Пугачевтің қоластында жұмыс істеген бірнеше адам сотталып кеткен.
Ресей бас прокуратурасының деректері бойынша, Францияның құзырлы органдары Пугачевті Ресейге экстрадициялаудан бас тартқан.
Кейінгі жылдары Сергей Пугачев көптеген сұхбат берді, солардың арасында Азаттық радиосының Орыс қызметіне де бірнеше рет сұхбат беріп, Владимир Путинді қатты сынға алған.
Пугачев 1990 жылдардың ортасынан бастап Ресейдің болашақ президентінің жақын серіктерінің бірі болған, оның сайлауалды штабы жетекшілерінің бірі болып қызмет атқарған, Федерация кеңесіне Тува республикасынан өкіл, Ресейдің өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының вице-президенті болған.
Пугачев кезінде Борис Ельцинге биліктегі мұрагері ретінде Путиннің кандидатурасын өзі ұсынғанын, өзі Путинмен бірге жұмыс істеп қана қоймай, онымен достық қарым-қатынаста болғанын айтады. Сөзіне дәлел ретінде отбасы архивіндегі фотосуреттерді желіде жариялаған, олардың кейбірінде Владимир Путиннің қыздары — Екатерина Тихонова мен Мария Воронцованың жасөспірім шақтағы бейнелері бар.
ПІКІРЛЕР