Алматыда шешен азаматы Мансур Мовлаев ұсталғаны хабарланды. Бұл ақпаратты Азаттыққа өзін оның танысы ретінде атаған қала тұрғыны хабарлады.
"Кеше (13 мамыр - ред.) кешке ол бізге хабарлама жіберді. "Мені ұстады. Бауырлар, көмектесіңдер" деген. Қайта хабарласқан кезде телефоны өшірулі тұрды. Алматы полициясындағы дереккөз бізге оған Ресейде іздеу жарияланғанын айтты. Ол білуімше, кейінгі 1,5 жылда Алматыда тұрған. Біз оның белсенді екенін, Шешенстан билігін сынағанын да ұсталғаннан кейін ғана білдік. Онымен талай дастархандас болғанбыз. Оны егер Шешенстанға қайта жіберсе, оны өлім күтіп тұрғаны анық. Сондықтан бұл мәселеге құқық қорғаушылардың назарын аудартқымыз келеді" деді аты-жөнін атағысы келмеген тұрғын.
Азаттық Мовлаевтың ұсталғаны жөнінде басқа дереккөз таба алмады. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі әзірге Азаттық сауалына жауап бермеді.
"Кавказ.Реалии" сайтының жазуынша, тхэквандо бойынша спорт шебері Мансур Мовлаев Шешенстан республикасын электрмен қамтамасыз етумен айналысатын "Шешенэнерго" компаниясында 2018 жылы инженер болып істеген. Кей ақпарат құралдары мен шешен оппозиционерлерінің жазуынша, 2020 жылы Мовлаев "республика билігін сынағаны үшін" үш жыл түрмеге кесілген. Алайда нақты қандай баппен сотталғаны белгісіз. Редакция журналистері соттың сайтынан тиісті сот шешімін таба алмаған.
2022 жылы шартты түрде босап шыққан Мовлаевты сол жылы тамызда шешен полициясы қайта ұстап, құпия түрмелердің біріне қамаған деп айтылады. Белсенді ол жақтан қашып кетіп, Қырғызстанға жеткен. Ресейде экстремизм бабы бойынша оған іздеу жарияланған деп айтылады. Ол былтыр Ресейге экстрадициялау қаупі төнгенін айтып, Қырғызстаннан кеткен.