Кісі қолынан қаза болған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесі кезінде сотталушылардың бірі Нұрбол Тоқтаубаев тергеу кезінде берген жауабынан бас тартты. Оның сөзінше, тергеу кезінде оны адвокатпен қамтамасыз етпеген және қысым жасап, ұрған.
“Қысым көрсетті. Полиция, жедел қызметкерлері ұрды, соқты. Ол бойынша бірнеше рет арыз жазған болатынмын.... Полиция бөліміне кіргеннен бастап жауап алуға дейін таяқ жедік....Қысқа нұсқа айтып өтейін: киноға түсіреміз деді. Алып шықты. Киноға түсірді. Біреудің үйіне кіргізді. Ол жерде біраз ұрып-соқты. Полиция басқармасы ішінде полиция қызметкерлері, жедел уәкіл қызметкерлері ұрды, өткен-кеткеннің бәрі ұрып, бізге “былай айтасың, былай айтасың” деп күш қолданды. Және Қаржаубайдың өзі де келіп, бәрімізді балағаттады. Қоқан-лоқы көрсетті. Ұрды. Оны растайтын куәгерлер отыр” деді Нұрбол Тоқтаубаев.
Оның адвокаты соттан азаптау фактісі бойынша шешім шығаруды өтінді. Ал прокурор шешім бұған дейін қабылданғанын, ол келесі отырыста белгілі болатынын жеткізді. Осылайша судья адвокаттың өтінішін орындамады.
Бейсенбі күнгі сот процесі кезінде сотталушылар Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтың адвокаты істе оларды күдікті деп тану туралы қаулы жоғын айтып, бұл сотталушылардың құқығын бұзады деп мәлімдеді. Осылайша істі прокурорға қайтаруды сұрады.
Ал судья заң бұзылмағанын айтып, адвокаттың өтінішін кері қайтарды.
Бүгін сонымен бірге бұған дейін әлеуметтік желіде тарап кеткен төбелес туралы видео да көрсетілді.
Видеода Шерзатқа ұқсайтын баланың жерде отырғаны, жанында әйел отырғаны көрінеді. Бірнеше минуттан кейін оларға Нұрғанат Ғайыпбаев жақындайды. Видеода “жедел жәрдем шақырыңдар” деген айқай қатты естіледі. Бұдан кейін жаөспірім отырған жаққа бірнеше адамның жақындағаны көрінеді.
Прокурор Ержан Құрақбаевтың айтуынша, Шерзатты бірінші болып Белғожаев тебеді.
“Осы сәтте сол жағында анасы Бишімбиева отырады, оның ар жағында Белғожаев, Шынасыл мен Ілиясов Ғайыпбаевты, кейін Сакиев сүйреп сол жағына әкетеді. Сол жері құжаттармен анықталды. Шынасыл мен Сакиев оған пышақ жарақаттарын келтіреді” деді прокурор.
15 мамырда сотталушылардың бірі Дархан Әскентаевтан жауап алынып болды. Оған "Бұзақылық" бабы бойынша айып тағылған. Тергеу дерегінше, ол адам өлімі болған күні Талғардағы "Қамажай" дүкеніне сыра алу үшін барып, сол жаққа өзге адамдарды шақырған.
Дархан Әскентаев сотта төбелеске қатыспағанын, адамдарды ажыратуға тырысқанын айтты. Оның сөзінше, ол Нұрғанат Ғайыпбаевты (Шерзат Полаттың әкесінің бауыры) ұрған Нұрбол Тоқтаубаев пен Абзал Шынасылды тоқтатуға тырысқанда өзіне де Шынасылдың жұдырығы тиген.
Істе 9 айыпталушы бар. Қылмыстық іс бас-аяғы 62 томнан тұрады.
- 2024 жылғы 4 қазанда Шерзат Полаттың отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкенге тауар сатып алуға келген адаммен арадағы даудың аяғы жанжалға ұласқан; әлгі адам көмекке достарын шақырып, төбелес барысында суық қару қолданылған. Оқиға салдарынан пышақтан өлімші болып жараланған жасөспірім сол жерде қаза болды. Кейін марқұмның отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Оған дейін Шерзаттың туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
- Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысы бар" деген күдікке ілінген сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынған еді.
- Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
- Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.
- Былтыр 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция "марқұм өзіне қол салған" деген алдын ала болжам барын хабарлады. Марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін Шерзат Полаттың жақындары әкімшілік жауапқа тартылды. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.