Таразда мәслихат депутатының соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты Нұрлан Байғазиевтің соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл жөнінде Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сүйенген ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

Ресми хабарламаға сүйенсек, "Бұзақылық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Оқиғаға қатысы бар адам анықталып, полицияға жеткізілген. Жәбірленушіге медициналық көмек берілген. Ол ауруханаға жатудан бас тартқан.

Бұған дейін әлеуметтік желіде аудандық мәслихат депутатын ұрып кеткені жөнінде ақпарат тараған еді. Ақпаратқа қарағанда, оқиға 13 мамыр кешке Тараз қаласында облыстық полиция департаменті маңындағы дәмханада болған. Ол жаққа депутат жұмыс сапарымен барған.

Оқиғаға не себеп болғаны белгісіз. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына сүйенген "За нами выехали" арнасының жазуынша, Байғазиевтің сол жақ сүйегі сынаған. Дәрігерлер оның денсаулығына қауіп барын ескертсе де, ол ауруханаға жатпаған.

Сәуірдің аяғында Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке әлдебіреудің оқ атып, жараланған шенеунік қалалық ауруханаға жеткізіліп, шұғыл ота жасалған еді. Жергілікті басылымдар осыған дейін шенеунікке жасалған қарулы шабуылға күдікті ретінде ұсталған адам әкімдікке қарасты мекемеде жұмыс істегенін жазған еді. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.